«Әлем ғылымдар тілінде» атты ғылым апталығының аясында кітапханамызда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры, профессор, заң ғылымдарының кандидаты, философия ғылымдарының докторы (PhD), ҚР Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Азия университеттері қауымдастығының вице-президенті Төлеген Мұхтар Әділбекұлымен «Университет ғылымы: болашаққа көзқарас» тақырыбында кездесу-сұхбат өтті. Кездесуге қала мектерінің 10 – 11сынып оқушылары қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Болашақ жас түлектер мектеп бітірген соң ШҚУ-ға қандай талаптар бойынша ақысыз оқу мүмкіндігіне ие боларын тәптіштеп сұрап, университет қабырғасында жаңадан ашылып жатқан зертханалардың жұмысы жайлы толық ақпаратқа қанық болды. Университет тарапынан атаулы стипендиялар жайында да, атап айтқанда: «Жұмаш Уәлиевтің атаулы стипендиясы», «Ғылым граниті», «Жас талап», «Жыл зерттеушісі», т.б. стипендиялар туралы және оған қалай қол жеткізуге боларын анықтап білді. Шара барысында мектеп оқушыларына университет ұжымы тарапынан арнайы ғылыми сұрақтар қойылып, бұл сұрақтарға дұрыс жауап берген оқушы ШҚУ-дың 4 жылдық тегін оқу грантына ие болуға құқылы болды. Нәтижесінде біздің тұрақты оқырманымыз, Өскемен қаласы әкімдігінің «Қ.Нұрғалиев атындағы №43 орта мектебі» КММ 11 «а» сынып оқушысы Мұзапарова Әсел қойылған сұраққа тез әрі ұтымды жауап беріп, оқу грантының иегері атанды. Осыған орай кітапхана ұжымы ойламаған жерден олжалы болған Мұзапарова Әселді шын жүректен құттықтап, жоғарғы оқу орнында толағай табыстар тіледі. Сонымен қатар, қазіргі таңда жоғалып бара жатқан мамандықтар туралы бірқатар сұрақтар да ректор жауабынан тыс қалған жоқ. Жігіттерге әскери білім беруге қолайлы мүмкіндік беретін Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра турасында да университет басшысы кеңінен қамтып, мол мағлұмат берді. Қорыта келгенде, болашақ жас түлектер Шығыстың маңдайалды мақтанышына айналған білім ордасы жайында көптеген сұрақтарға жауап алып, университет ұжымына зор алғысын білдірді. Жас түлектерге жоғарғы оқу орнына түсуге, ғылыммен айналысуына бағыт-бағдар беретін мұндай іс-шаралар алдағы уақытта университет ұжымымен бірлесе жалғасын таба бермек.