«Абай үні, Абай лебі» атты әдеби-сазды бағдарлама

«Абай үні, Абай лебі» атты әдеби-сазды бағдарлама

9 тамызда Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстандағы Абай күніне орай қаламыздың демалыс орны «Арбатта» қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Абай үні, Абай лебі» атты әдеби-сазды бағдарлама өтті.
Абай күніне арналған шара ұлы ақын бейнесінде шыққан актер, ақын Дархан Рахатұлының орындауындағы «Көзімнің қарасы» әнімен басталды.
Іс-шараның құрметті қонақтары облыстық этнографиялық мұражай директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлжан Қашақуқызы мен С. Аманжолов атындағы ШҚМУ түлегі, облыстық Абай оқуларының лауреаты, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» байқауының 2-орын иегері Ақерке Дарханқызы болды.
«Жырлары Абайдың, жаназығы» иллюстрациялық-кітап көрмесі кештің басты көркі болды. Қазақстанның дала пейзаждары көрсетілген альбомдар, Абайдың туыстары мен достарының ортасындағы фотосуреттер көрмені толықтырды. Көрмеге келушілерге жерлес жазушыларымыздың Абай туралы кітаптары ұсынылды. Б. Щербаковтың «Жидебайдың жұлдызды даласы» шығармасына ерекше назар аударылды.
Қонақтар музыкалық викторинаға қатысу арқылы өздерінің шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін көрсетіп, Абайдың сан қырлы тұлғасымен танысып, «ашық микрофонда» балалық шақтағы сүйікті өлеңдерін жатқа айтып, сондай-ақ ақынның өлеңдерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тыңдай алды. Әртүрлі жастағы азаматтар Абай шығармалары бойынша өткен әдеби байқауларға белсене қатысты.
Бағдарламаның кішкентай қонақтары үшін «Төрт мезгіл» аймағы әзірленді, онда балалар Абай өлеңдерін оқи отырып, өздеріне ұнаған мезгілдің суретін салды. Қала тұрғындарының жабдықталған киіз үйде қолдарында Абайдың томы бар фотосуреттері Арбаттағы Абай күнінің жарқын естелігіне айналды.

 

Share