«Алтайым – атамекенім» әдеби кездесу

«Алтайым – атамекенім» әдеби кездесу

2024 жылдың 21 қарашасында Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері, жазушы, зерттеуші Мағзұмов Тоқтарбек Нұржақыпұлымен «Алтайым – атамекенім» атты әдеби кездесу өтті. Тоқтарбек Нұржақыпұлы оқырмандарға өзінің туған жерінің тарихы, Алтайдағы жер-су атауларына қатысты аңыздары жайлы, сондай-ақ «Алтайдың жыршысы» атанған жазушы Оралхан Бөкей туралы тағылымды әңгімелерін баяндады. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Шыңғыстайда 25 жыл болыс болған Әбдікәрім Ережепұлы өз қаржысына салдырған Шығыс Қазақстан өңіріндегі алғашқы қазақ мектептерінің бірі «Байберді ауыл мектебінің» тарихына да тоқталып өтті.
Өз кезегінде бүгінгі кештің қонағы – ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы, жер-су аттарын зерттеуші, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Бияров Бердібек Нұралдаұлы кең-байтақ қазақ өлкесінің қасиетті Алтай, Семей өңірлерінің аңыз бен жырға, тылсым сырларға толы киелі орындары мен қасиетті жерлері туралы сыр шертті. Оқушылар өздерін қызықтырған аңыздар мен өлке тарихына қатысты сұрақтарын қойып, оған кеш қонағы ықыластана жауап берді.
Шараға келген оқырмандар туған жерлері жайлы керемет ақпараттар алып, білімдерін толықтырып, кіші буын жастарға патриоттық рух беретін сырлы сұхбаттан рухани азық алды деген ойдамыз.
Share