Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында үлкен шығармашылық фестиваль өтті.
«Арман қанатында» атты инклюзивті балалар шығармашылығы фестивалі. Шара барысында жас қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге, құрдастарымен кездесуге және қызықты ойындар ойнауға мүмкіндік алды.
Фестивальге № 30 жалпы білім беретін мектептің оқушылары, № 9 орта мектептің оқушылары және «Үлбі қалалық аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» Үлбі мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушілері қатысты.
Фестивальге арнайы төрт тақырыптық аймақ ұйымдастырылды. Бірінші, «Әдеби алаң. Әдеби аялдама» атты таңғажайып кітап көрмесі қонақтарды дәл кіре берісте қарсы алды. Онда балалар мультфильм кейіпкерлерінің шағын өлеңдерін, жұмбақтарын, танымал әндерін тыңдай отырып, әйгілі ертегілер арқылы көңілді аудиосаяхатқа шықты. «Табиғат шеберханасы. Табиғат қазынасы» деп аталатын екінші алаңда қолданбалы өнерге қызығатын балалар табиғи материалдарды пайдалана отырып сюжетті коллаждар құрастырды. «Серпінді сәт. Лаборатория» деп аталатын үшінші аймақта қызықты танымдық ойындар ұсынылды. Төртінші «Шабыт өңірі. Шабыт өлкесі» атты аймақта ән айтқысы келіп, өлең оқып, би билегісі келген балалар бас қосты.Фестивальдің негізгі бөлігі үлкен концертке ұласты, концерт барысында балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті, өлең оқыды, жанды дауыста ән шырқады, сахналық көріністер көрсетті, көңіл көтерді, бір-бірімен араласып, танысты. Сахнада Б.Соқпақбаев, Л.Ветчинкина, С.Мусәлимов, А.Қайбул, Н.Некрасов, А.Пушкин және басқа да белгілі авторлардың шығармалары орындалды.-Шынымен де керемет мереке болды! Балалар қуанды, ересектер балалармен бірге көңіл көтерді. Мен шығармашылық қабілеттері бар тәрбиеленушілерімізді әкелдім. Олар қазақ және орыс тілдерінде өлеңдер оқыды, бір оқушы Бердібек Соқпақбаевтың «Анаға хат» әңгімесінен үзінді оқыды. Бұл кездесулер өте маңызды; олар балаларға өзін көрсетуге, жаңа адамдармен танысуға және басқа да шығармашылық құрбыларын көруге мүмкіндік береді», – деп өз ойымен бөлісті № 9 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қарғаш Қоңырова.
Фестиваль қорытындысы бойынша сахнада өнер көрсеткен барлық қатысушылар, сонымен қатар ұстаздарға алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.




