Биыл Шығыстың қабырғалы қаламгері, Қазақстанның Құрметті журналисі Мүсілім Құмарбекұлының туғанына (1939-2016) 85 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай кітапхана қызметкерлері «Ақжирен» мінген асыл аға» атты еске алу кешін өткізді. Шараға Шығыс еліне еңбегі сіңген жазушының рухтас, қаламдас інілері, қаламыздағы зиялы қауым өкілдері қатысты. Тағылымды кеште Қазақстан Жазушылар Одағының ШҚО филиалының директоры, жерлес жазушымыз Әлібек Қалиұлы Қаңтарбаев сөз алып, қаламгер жайлы ыстық естеліктерімен бөлісті. Мүсілім Құмарбекұлының туған ағасы Әуезхан Құмарбекұлы інісінің балалық шағы туралы естеліктерін тебірене айтып берді. Ал қаламдас інілері жазушының облыстық «Дидар» газетінде қызмет атқарған кезіндегі еңбектері туралы естеліктерімен бөлісіп, жазушының ерекше хоббиі – бас киім тігу болғандығы туралы айтты. Еске алу кеші соңында әсем әндер шырқалып, жазушы шығармаларынан жасақталған кітап көрмесін кітапхана қызметкері, жас қаламгер Әділ Әуезхан қалың оқырманға таныстырды.