Тілде тұтас ұрпақтың тағылымды тарихы, бекзат болмысы, әдет-ғұрпы, әуені бар. Кітапхана қызметкерлері мемлекеттік тілдің маңызы мен мәртебесін арттыру, рухани мұрамызды насихаттау мақсатында Шығыс Өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің сарбаздарына және Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «Негізі орта мектеп-интернаты» КММ оқушыларына «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» атты шара ұйымдастырды. Шара кітапхана қызметкері, айтыскер ақын Аян Қалымбектің тілге, туған жерге, Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздарға деген жүрекжарды арнауымен ашылды. Шараға қатысушы сарбаздар өздеріне берілген суреттерді пайдалана отырып мақал-мәтелдерді жылдам құраса, «Сөз мерген» бөлімі бойынша өздерінің тапқырлықтарын көрсетті. «Кім білгір» кезеңінде жасырын тапсырмалардың жауабын әскери жылдамдықпен дөп тауып, «Асық ату» ойынында ұтқырлықтарын, шапшаңдықтарын байқатты. Жылы жүздесудің ең әсерлі сәті қатардағы жауынгер Дяченко Никитаның қазақтың қасиетті домбырасында шебер ойнайтынын мақтанышпен жеткізіп, «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін төгілте орындауы. Кештің көркін кіргізген Никитаға көрермендер тарапынан зор қошемет көрсетілді. Шара барысында қатардағы жауынгер Қыдырхан Мейрамбек, Жәнібек Айдарбек, Балтабек Әділет тіл туралы өлең жолдарын жатқа оқыды. Сондай-ақ шараға қатысушылар ел тарихынан сыр шертетін бейнероликті тамашалап, караоекеде «Атамекен» әнін ерекше сезіммен шырқады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Тәрбие басқармасының офицері подполковник Рыспаева Ботакөз Тайшыбекқызы кітапхана ұжымына ізгі тілегін арнап, ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Р.Ақбалиннің атынан кіапхана ұжымына алғыс хат табыстады.