Лермонт Наумович Бондаренко 1938 жылдың 29 наурызында Шығыс Қазақстанның Зайсан қаласында дүниеге келген. Бұл сирек есімнің қойылуына тұтас бір оқиға себеп болыпты. Әкесі ұлын сол кездегі бүкіл Кеңес Одағына аты әйгілі Валерий Чкаловтың құрметіне Валера деп атағысы келеді. Бірақ ауыл кеңсесіне баланы тіркеп, ат қоюға бара жатқанда, жолда радиодан: «Сіздер Лермонтовтың «На смерть поэта» атты өлеңін тыңдадыңыздар», – деген сөзді естиді. Әкесіне «Лермонт» деп естілгендіктен, жаңа туған сәбиді Лермонт Наумович Бондаренко деп тіркеп қояды. Мектепте де, үйде де оны бұрынғыша Валера деп атай береді. Ал 16 жасында, мектеп бітіріп, аттестат алу керек болғанда, туу туралы куәлігін тауып алып, өзінің шын аты-жөнін алғаш рет біледі. Бірақ есімін өзгертпейді, Валера болып қала береді. Көп жылдар өткен соң, 1980 жылы, оны аға машинист қызметіне тағайындағанда, әріптестері мен қарамағындағылар оны аты-жөнімен атай бастайды.
6 жасында Лермонт Наумович ата-анасымен бірге Украинаға көшіп барып, бастауыш сыныпты украин мектебінде оқыды. Кейін қайтадан Қазақстанға оралып, онжылдық мектепті Талдықорғанда аяқтады. Тараз қаласында (бұрынғы – Жамбыл) техникалық училищені бітіріп, паровоз машинисінің көмекшісі мамандығын алды. Училищені аяқтағаннан кейін, 1958 жылы оны Шемонаихаға жұмысқа жібереді. 2000 жылы ол «Уба-информ» газетінде, «Звено Алтая» әдеби бірлестігі жанындағы әдеби үйірмеге қатысушыларды шақыру туралы хабарландыруды оқиды. Ал ол кезде Лермонт Наумович проза жаза бастаған еді, соның ішінде «Про двух котов» ертегісі де дайын болатын. Ол үйірмеге жазылып, Елена Панкратованың өлең құрастырудың ерекшеліктері (верификация) туралы дәрісін де тыңдады. Ямб, хорей, брахиколон сияқты өлең өлшемдерінің түрлерінің ешқайсысын түсінбесе де, үйге қайтқан жолда болашақ ақынның басында алғашқы өлеңі құрала бастаған еді. Оның алғашқы жолдары былай болатын: «Я в поэзии, может, и слабак…».
Лермонт Бондаренко – «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің Шемонаиха филиалының қадірлі мүшесі, сондай-ақ Шемонаиха қаласындағы Достық үйі жанынан жұмыс істейтін украин этномәдени бірлестігінің белсенді өкілі. Соңғы жылдары оригами өнерін игеріп, жыл сайын «Уба-информ» газетінің «Жыл нышаны» байқауына қатысып, үздік туындыларын ұсынып келеді (соның бірі – суретте). Лермонт Наумович бүгінде Шемонаиха жұртына да, өңірден тысқары елге де кеңінен танылған, өзіндік қолтаңбасы бар халықтық ақын әрі прозашы. Оның шығармашылық мұрасында балаларға арналған ертегілер мен ғибратты мысалдар, көркем өлеңдер мен мазмұны терең прозалық туындылар лайықты орын алады. 2016 жылдың наурыз айында Краснодар қаласында оның «Сказки и стихи» атты кітабы жарық көріп, оқырман қауымға жол тартты. Бұл еңбектің жарық көруіне қызының отбасы айрықша қолдау көрсеткен болатын. Ал 2018 жылдың мамырында Өскемен қаласында «Семена» атты жаңа жинағы басылып шықты. Бұл кітапқа ақынның өлеңдері, мысалдары, әңгімелері және балаларға арналған тағылымды ертегілері енді.
Лермонт Бондаренко шығармалары:
Бондаренко, Л.Н. Семена: басни, стихи, рассказы, сказки / Л.Н. Бондаренко. – Усть-Каменогорск: ИП Аникин Б. П., 2018. – 260 с.
Бондаренко, Л.Н. Стихи для детей // Солнечный круг: писатели Восточного Казахстана – детям: к 100-летию Восточно-Казахстанского литературного объединения “Звено Алтая”. – Барнаул; Усть-Каменогорск: Типография управления делами Администрации Алтайского края, 2020. – С. 72-78.
Бондаренко Л.Н. Стихотворения // Вы в памяти нашей: поэтический сборник. – Усть-Каменогорск: ИП Аникин Б.П., 2018.
Ол туралы:
Бондаренко Лермонт Наумович: краткая биография // Бондаренко, Л.Н. Семена: басни, стихи, рассказы, сказки / Л.Н. Бондаренко. – Усть-Каменогорск: ИП Аникин Б. П., 2018. – С. 3-4.
