Тәуелсіздік күні қарсаңында кітапханада Шығыс Қазақстан техникалық–гуманитарлық колледжі студенттерімен «JELTOQSAN–86» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі— Рамазанов Маратбек Айтахметұлы және әріптесі Абраймов Еркін Тілеубердіұлымен кездесуі өтті.
«Еркіндігі елімнің» атты шара Желтоқсан құрбандарын үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етуден басталды. Сол бір ызғары жүрек қаритын суық күндердің куәлары ауыр тарихи сәтті еске алып, өздері бастарынан өткен оқиғаларды тебірене әңгімеледі. Әсіресе жерлесіміз, желтоқсан оқиғасының құрбаны Сабира Мұхаметжановаға ерекше назар аударылды. Қатысушылар Маратбек Рамазановтың Сабираға арналған «Қар мен қан» атты жүректі толқытқан өлеңін тыңдады. Әр жолы үзілген ғұмырдың, жаралы жастықтың жан айқайындай естілді.
Кездесу барысында 1986 жылғы оқиғалар туралы фильмнің үзіндісі көрсетіліп, одан кейін барлығы бірге «Желтоқсан желі» әнін орындады. Студенттер қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, көрсеткен ерлігі үшін және бүгін тәуелсіз Қазақстанда өмір сүру мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді.
Шара соңында қонақтар кітапханаға естелік сыйлық табыстады.



