Қазақ – табиғатпен біте қайнасқан халық. Табиғат түлеп, жер көгеріп, көктемнің жаршысы – Наурыз мерекесі келіп жеткенде адамдар бұлақтың көзін ашып, ағаш егіп, қоршаған ортаны тазалаған. Бүгін мейрамның жалғасы, яғни Жайлау күні. Мереке аясында кітапхана қызметкерлері айтулы мереке күні қаламыздың демалыс орындары – Арбатта, Ертіс жағалауында және Жамбыл, Жастар саябағында болып тұрғындар мен қала қонақтарына «Жайлау күнінің» ерекшеліктері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар ұлттық киім үлгісіндегі қызметкерлер қазақ халқының салт-дәстүрлерінен викториналық сұрақтар қойып, сал-серілер дәстүрі бойынша қазақ әндерінен ән шашу орындап, кітаптарды естелікке сыйға тартты.