Өлкенің тарихы – сол өлкеде ғұмыр кешіп жатқан әрбір адамның білуге міндетті дүниесі. Әр өңірдің өзіне ғана тән ерекшеліктері, бояу-болмысы, табиғат ғажайыптары, тұлғалары, шежіре тарихы болатыны хақ. Өлкенің арғы-бергі тарихын, оның тұлғаларын қала мектептерінің оқушыларына, Өскемен қаласының жастарына таныту, дәріптеу – кітапханашылардың басты міндеттерінің бірі. Осы орайда кітапхана қызметкерлері «Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 орта мектебі» КММ-нің 7-сынып оқушыларымен бірге «Жергілікті туризм» экскурсиялық сабағы аясында қаламыздың көрнекі жерлерін аралауға шықты. Қала тұрғындарының қызыға демалатын орындарының бірі «Жастар» саябағын аралата отырып, қатысушыларға сан ғасырлық тарихы бар Өскемен қаласы мен Ертіс, Үлбі өзендері туралы тың мағлұматтарға берілді. Сондай-ақ гид-қызметкер оқушыларға Ахмер, Меновное ауылдарының ежелгі тарихи топонимикалық-ономастикалық атаулары жайында тарихи деректер мен соңғы зерттеу нәтижелерін баяндады.
Шараның негізгі мақсаты – шығыстың табиғаты, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жайлы, Өскемен қаласының және ондағы кейбір елді мекендердің тарихи, ономастикалық атаулары туралы қала мектептерінің оқушыларына түсіндіру, саналарына тоқыту. Соңғы үлгідегі заманауи технологияны пайдаланып, қала ішінде экскурсия жүргізіп, оқушылар мен ұстаздарына, кітапхана қызметкерлеріне бұрын-соңды естімеген тың деректерді алға тартып, өлкенің шынайы тарихының бетін ашып көрсету. Шара соңында балалар өздері туып-өскен қаласы туралы бірқатар ақпаратқа қанығып, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алып, риза болып қайтты. Мұндай танымдық шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табады.