Бүгін облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында №34 мектеп-гимназия оқушылары мен Кузбасс мемлекеттік балалар және жасөспірімдер кітапханасының оқырмандарының арасында халықаралық онлайн кездесуі өтті. «Имена, достойные памяти» – әскери-тарихи мінбер осылай аталды. Онда балалар Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовтың ерлігімен, тағдырымен танысты және 2022 жылы Кемерово қаласында салынған мемориалдық кешені туралы білді.
Ізғұттының балалық және жастық шағы, соғыс жылдарындағы ерліктері туралы презентация ұсынылып, А.Сурковтың ол туралы өлеңі оқылды. Кемерово қаласының балалары Берлинде үш жасар қызды құтқарған Николай Мосоловтың ерлігі туралы П.Ворошиловтың кітабынан үзінді оқыды. Осының құрметіне Берлинде, кейіннен Кемерово қаласында ескерткіш орнатылды. «Десятый наш десантный батальон» әні шырқалды. Кездесу бір минуттық үнсіздікпен аяқталды.