Күлімдеген көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Ұлы мерекеміздің қарсаңында кітапхана қызметкерлері Абай атындағы Шығыс Қазақстан гумантарлық колледжінің ағылшын тілі мамандығының 2 курс студенттеріне «Көктеммен келген нәзіктік» атты топтық сайыс өткізді. Сегіз кезеңнен құралған аталмыш шараға «Қызғалдақ», «Сакура», «Сәукеле» атты үш топ қатысып, өзара сынға түсті.
Сәлемдесуден бастап, тарих тағылымынан тыс қалмай білімдерін ортаға салған қатысушыларымыз салт-дәстүр сандығының күрделі сұрақтарына да сүренбей жауап берді. Мақалдың жалғасын тауып, іс-қимылмен мәтелдің мағынасын жеткізуде де озық ойлы екендіктерін дәлелдеді. Он саусақтарынан өнер тамған ару қыздарымыз топтық сайыста ою ойып, шашты жылдам өруден де шебер екендіктерін байқатты. Ұпай саны бойынша үздік деп танылған «Сакура» тобы кітапхана әкімшілігі атынан алғыс хатпен марапатталды. Әсем әнге ұласқан кеш соңында қатысушылар дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен бір-бірін құттықтап, қуанышты көңіл-күйде тарқасты.