Бүгін кітапханамызда өткен поэзия кеші Шығыстың үш шайыры: Тұрғазы Нұқай, Серік Ғабдуллин, Ғалым Байбатыров шығармашылығына арналды. Бұл ақындар – туған жердің табиғатын, елге деген махаббатты, адамгершілік пен ізгілікті жырға қосқан Шығыс өңірінің жарық жұлдыздары. Кешіміздің мақсаты – жастарды поэзияға, ұлттық руханиятқа баулу, жергілікті ақындардың мұрасын насихаттау еді.
Поэзия кешіне қаланың зиялы қауым өкілдері, ақындар, журналистер, студенттер қатысты. Алғашқы сөз тізгінін ұстаған қарт журналист, жазушы, ғалым Айтмұхамбет Қасымұлы ақын ағаларын жылылықпен, қимастықпен еске алып, Ғалым Байбатыровтың сықақ өлеңін оқып берді. Ақын, “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Бақытжан Райысова шайырлардың өлең жазу мәнерлеріне тоқталса, журналист, “Дидар” газетінің бұрынғы редакторы Уәлихан Тоқпатаев ақындардың қайраткерлік қабілетіне тоқталды. Сонымен қатар ақын, журналист, “Қазақстан” телеарнасының ШҚО-дағы меншікті тілшісі Олжас Керейхан ағаларына деген ыстық, жалынды сағыныш лебін шарпытты.
“Шабыт” ақындар мектебінің түлектері, бірнеше халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегерлері Қызырбек Дүргінбайұлы мен Құмар Зиятхан ақындарға арнау өлеңдерін оқыса, жас ақындар Нұрболат Біржанұлы мен Әли Ермекұлы шайырлардың шығармашылығынан таңдаулы өлеңдерін оқып, келген қонақтарды сүйсіндірді. Ақындардың өлеңін әнге айналдырған композитор Уатхан Жүнісов “Ұланым” әнін шырқатса, кітапхана қызметкері, ақын Аян Қалымбек жалынды әнмен жастарды дүр сілкіндірді.
Шара соңында Шығыс өңірінің үш бірдей дарынды шайырының шығармашылығына терең үңілген қонақтар бірлесе естелік суретке түсті.





