Бүгін әуесқой өлкетанушылар «Сіз білмейтін Шығыстың кереметтері» тақырыбына орай Шығыста орналасқан ең керемет жерлердің бірі, жердегі Марс атанған Қиын-керіш шатқалына иммерсивті серуен жасады.
Серуен арнайы құлаққаптардың көмегімен Зайсан көлінің солтүстік шығысында, Күршімнен 120 шақырым, ал облыс орталығы Өскемен қаласынан 300 шақырымдай қашықтықта орналасқан ерекше шатқал – Қиын-Керіштің ертегідегідей табиғатын елестетумен басталды.
Серуен жасай отырып аумағы 300 гектарлық жерді алып жатқан қызғылт сары, ақ, көк және басқа да түрлі-түсті топырақты мұнаралардан тұратын адырлардың шығу тарихымен танысты. Жалын шашқан жарлардың, құбылмалы қатпарлардың, «үшінші мыңжылдықтан» қалған тәкаппар адырлардың, ерекше бедерлі шөгінділер мен әдемі қабаттардың сырын ұғынды. Иммерсивті саяхатшылар құмды жағалауға сүйсініп, бір тәулікте әр алуан болып өзгеретін түсті каньонға қызығушылық танытып, аяқтарының астындағы қызыл түсті қиыршық тастардың дыбыстарына тәнті болды.
Жалын атқан ыстық лепті сезінді. Жан-жақтарында құлама жарлардан сырғыған құм мен тастардың дыбысына елітті. Кең дала, тынық ауада аспанда қалықтаған еркіндіктің символы тау қыранының, қарсақ пен сарышұнақтың дауысын естіді. Шатқалда өсетін өсімдіктердің пайдасы туралы ақпараттар алды.
Серуен аяқталған соң бейнеролик арқылы ыстық күндегі бұл аймақтың қанық түстерінің гаммасын бақылай отырып, айналадағы ландшафт өзінің реңктерін қалай өзгертетінін байқады. Әуесқой саяхатшылар түстердің бір тәулікте әр алуан болып өзгеретініне көз жеткізді.
Сондай-ақ, алған әсерлерін сөзбен, суретпен жеткізді. «Жердегі Марс» атанған Қиын-керіш шатқалы туралы қызықты мәліметтерге толы «Дидар», «Ана тілі» газеттері, Шығыс Қазақстанның киелі географиясы туралы әдебиеттер ұсынылған шашыраңқы кітап көрмесімен танысты.