Тәуелсіздік – өткенге тағзым, бүгінге шүкір, ертеңге сенім. Бұл күн – шын мәнінде Тарихты өзгерткен күн!
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Император» сауда кешенінде «Тарихты өзгерткен күн» атты көрме-инсталляция ұйымдастырылды. Аталған іс-шара еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін кеңінен насихаттауға арналды. Шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының әртүрлі кезеңдерін қамтитын, егемен ел тарихының үш онжылдығындағы маңызды оқиғаларды баяндайтын кітап басылымдары ұсынылды. Көрмеге қойылған әдебиеттер еліміздің өткен жолы мен жарқын болашағын айқын көрсетті.
Қатысушылар ұсынылған кітаптарды пайдалана отырып, арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады. Сонымен қатар, сауда кешеніне келген қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлаған әсем ән-күй мен ұлттық билер ұсынылды.
Аталған іс-шара Тәуелсіздік күні мерекесінің маңызын айшықтап, келушілерге рухани әсер сыйлады.









