Бірге күлейік
Шығыстың нарқасқасы.
«Шығыс өңірі – қазаққа Ақтамберді жырау мен Дулат ақынды, Ақтайлақ пен Кеңгірбай биді, ұлы Абай мен Шәкәрімді, кемеңгер Мұхтар Әуезовті және Қажығұмар Шабданұлы, Әзілхан Нұршайықов, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Төлеужан Исмайлов, Нұрлан Мәукенұлы, Ұлықбек Есдәулет секілді көптеген тамаша сөз зергерлерін, Сәрсен Аманжолов, Зәки Ахметов, Сейіт Қасқабасов, Шерияздан Елеукенов, Кенжехан Матыжанов сияқты әдебиеттанушы ғұлама ғалымдарды берген қасиетті өлке. Алдыңғы аға буынның ізін басқан кейінгі толқын арасында да қабілет-қарымын дәлелдеп үлгерген талантты жастар баршылық. Ал олардың шығармашылық мұрасы – толайым қазақ жұртының ортақ олжасы, құнды қазынасы» деп жазды «Алтай-Ертіс» сериясымен шыққан «Абай шығармалары» кітабының алғы сөзінде Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев.
Кітапханамызда жақында ашылған өлкетану орталығы осы қаламгерлердің шығармаларын насихаттау барысында «Шығыс жауһарлары» рубрикасын назарларыңызға ұсынады.
Жұқажанов Т. «Өлеңдер жинағы»
Әдебиет әлемінің әзілдері
Көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаровтың кітаптары көбінесе Алтайдың әсем табиғаты жайында болып келеді. Ал енді оның «Әдебиет әлемінің әзілдері» кітабында біз қазақтың ақын-жазушылары мен ірі тұлғаларының ұлағатты сөздері мен әдемі әзілдері жайында танысатын боламыз. Аталмыш жинақтан үзінді келтірсек:
«…Әйгілі музыкатанушы, есімі әлемге танымал профессор Иосиф Исаакович Дубовский (1892-1969жж.) көзі тірі кезінде бірер жылға Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияда дәріс беріпті. Бірде консерваторияның сол кездегі ректоры Құддыс Қожамияровқа жоғарғы жақтан «Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовтерді оқуға қабылдап, нота үйретіңдер» деген мазмұндағы нұсқау түседі. Ректор халық таланттары нағыз мықтының өзінен дәріс алсын деген оймен, бұл мәселені Дубовскийге тапсырмақ болады. Сонда Иосиф Исаакович ректордың өтінішін сабырмен тыңдап болғаннан кейін:
- Мен Шәмші, Әбілахат, Әсет секілді біртума таланттарды оқытуға өрем жетпейді, олар бұрынғыдай өз халқынан үйрене берсін. Егер оларды біз теорияның тар шаблонына салып, жұғысып кетсек – әндерінде аңқып тұрған ұлттық бояуды оңдырып аламыз, – деп, нағыз білімдар ақсүйекке жарасатын аталы сөзбен жауап беріпті.
Қымбатты оқырман, Әлібек Асқаровтың кітабы ұнаған болса, біздің кітапхана есігі сізге әрдайым ашық!
Ер қазақ
Жерлесіміз Дәулет Сейсенұлының «Ер қазақ» кітабында Алаштың ақырғы абызы, ұлтының ұлық перзенті, нағыз ғалым, жан-жақты дарын иесі Қайым Мұхамедханұлы туралы айтылады. Арабша «абыз» сөзі «сақтаушы, қорғаушы» және «құранды жатқа білуші» мағыналарын білдіреді екен. Қайым аға ұлтын жан-тәнімен сүйген, ұлт мәдениетін қызғыштай қорғап, сақтаған қайраткер болды.
Кітаптың алғашқы бөлімі Қайымның әкесі, Алаш арыстарының ардақтысы атанған айтулы халық ағартушысы, белгілі меценат Мұхамедхан жайында айтылып, Семейде ту тіккен Алашорда үкіметінің тарихымен жалғасады.
Кітаптың екінші бөлімінде автордың «Қайсар Қайым» деген атпен екі бөлім, үш көріністен тұратын драмалық туындысы оқырман назарына ұсынылған.
Қайым Мұхамедханов 25 жасында Абай музейінің директоры, ал 27 жасында қазақ елінің алғашқы әнұранының авторы атанды.
Шәкәрім туралы алғаш қалам тербеген де осы ағамыз болатын.
Ол өмірден озарының алдында ғалым Тұрсын Жұртбайға шығармаларын аманаттаған. Тұрсын аға жазушының артында қалған бай мұрасын жинақтап, нәтижесінде 10 томдық шығармалар жинағы «Алаш мұрасы» айдарымен «Алаш» және «Ел шежіре» баспаларынан жарық көрді. Қайым Мұхамедхановтың Семейде тұрған үйіне ескерткіш тақта, ал Абай кітапханасы алдына кеуде мүсіні орнатылды.
Қала орталығындағы Интернационал көшесі Мұхамедхановтың атымен аталды.
Еліміздің белгілі қайраткерлері ғалым жайында:
Ахмет Байтұрсынов: «Бұл бала біздің есімімізді жаңғыртады»,
Роллан Сейсенбаев «Тектілер туралы реквием» кітабында: «Өзі де, сөзі де бөлек тұлға» деп, ал Тұрсын Жұртбай: «Қайым Мұхамедханов – Абайдың інісі, Алаштың ірісі» деп баға берген екен.
Өмірдің азабы мен мазағын да, жемісі мен жеңісін де бір басынан молынан кешкен Қайым сынды күрескер жанға 50-ге тарта ән мен жыр арналды.
Иә, ұлы мақсат жолында «Ер қазақ, қайсар Қайым атанған жан қандай құрметке болсын лайық деп білеміз!»
Қымбатты оқырман, осы кітапты іздесеңіз, біздің кітапханамызға келіңіз!
Езу тартайық, ағайын