Шыңғыс хан шындығы

Алла жар, құрметті оқырман!

ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде киіз туырлықты көшпенді түрік жұртының басын қосып, өте қуатты мемлекет құрған, жарты ғаламды дәргейіне келтіріп, ақылмен, ғаділдікпен билеген Шыңғыс қаған жайлы өтірік-шыны аралас мағлұматтар ғаламторда өте көп. Әр түрлі халықтар мыңдаған ғылыми еңбектер мен тұжырымдамалар жазды, кино, деректі фильмдер түсірді. Моңғол да, қытай да, тіпті орыс та Шыңғыс ханды өзіне тартуға тырысты, өз ұлтының кемеңгер қолбасшысы ретінде көрсеткісі келді. Мысалы, моңғол жұрты әлі де Шыңғыс хан толайымен біздікі деп келеді. Астаналарына дәу ескерткіш орнатты, ғылыми орталық ашып тастаған, зерттеулерін тынбай жүргізіп келеді. Өйткені Шыңғыс ханның ұлылығын, қасиетін баяғыда ұққан. Біздің халықтан осындай әлемдік деңгейдегі дана қолбасшы шыққан деп мақтанады. Ал ақиқатқа жүгінсек, Шыңғыс хан моңғол ма еді? Қытай да Шыңғыс хан біздікі дейді. Өйткені Шыңғыс қағанның немересі Құбылай Юань династиясын негіздеген, Қытайды біріктіріп, айрықша қуатқа жеткізген екен. Кемеңгер атасы ежелгі жау, зәндем жұрттың сағын сындыруды ойласа, әсіре қытайшыл немересі тетелес інісі Арық-Бұқа қағанмен соғысып, қытай әскерін түпкі жұртқа – Қара-қорымға дейін әкелді. Атасының қалдырған аманатын орындамаған Құбылай хуандидің әулетін кейінірек Қытайдың өзі қуып шыққаны белгілі. Орыс та қалыспайды, мұнарасы биік Мәскеудің прототипі – Сарай-Бату қаласынан алынған екен. Оған қоса орыстың мемлекеттік жүйесі Шыңғыс хан құрған Еке Моғұл Ұлысынан бастау алады. Орыстар Шыңғыс ханның төл жұрты – қазақ екенін білген, патшалық Ресей дәуіріндегі адамшылықтан кетпеген орыс тарихшыларының барлығы осылай жазған. Мәселен, Карамзин, В.В. Бартольд, Тизенгаузен секілді сауатты тарихшылар «татар-моңғолдың» тікелей ұрпақтары «қырғыз-қазақтар» деген. Алайда ар-ұятты былай жиып қойған кейбір тарихшылар Шыңғыс ханды айдаладағы Халха – қазіргі Моңғолия жұртына теліп тастады. Өйткені қазаққа өткен даңқты тарихының елесін де білдірмеу керек. Сондықтан олардың пікірінше қазақта тарих болмаған, Қазан төңкерісінен соң ғана басталады. Алайда біздің халқымыздың ежелгі Ғұн, Сақ заманынан, бертінгі Ұлы Түрік қағанатынан тамыр тартқаны, нақты таңбаға түскен мың жарым жылдық жазба мәдениетіміз бар екені, жылқыны қолға, әлемге шалбар киюді үйреткенімізді, Батыс Еуропа қараңғылықта жатқанда, бізде әбден жетілген өркениет болғаны белгілі. Ұлы мемлекеттеріміз бірінен соң бірі алауыздықтың кесірінен шылпара ыдыраған шақта отарлау саясаты басталыпты, 1552 жылы Ұлы Ноғай Ордасын жаулаудан басталған нәубет ақыры киіз туырлықты көшпенді жұрттың бодандығымен аяқталды. Жерінің шалғайлығымен Анадолы түріктері ғана басы бұла күйінде қалды. Ал Қазақ Ордасын отарлау кемеңгер Абылай хан қайтыс болғаннан соң ғана дендеп кіре бастаған. Құдай алдындағы барлық парызын өтеп кеткен Кенесары хан 1847 жылы опасыз қырғыз манаптарының қолынан қаза тапқан кезде қуатты Қазақ Ордасының да күні батыпты. Отарлаушылар Орта Азияны 5-6 жылдың ішінде жауласа, Қазақ хандығынан 300 жылда әрең асқан екен. Соңғы хан шәйіт болған шақтан 144 жыл өткенде ғана қалың тұман арасынан жарқырай сәуле төгіліпті, зарыға күткен Тәуелсіздік келіп, қазақ бұрынғы асылдарымен қайта қауышыпты. Барлығымен емес, әрине. Алаш арыстарын Тәуелсіздіктен бұрын да ақтауға кіріскен, бірақ та кейбірін тәуелсіздіктен соң ғана ақтау мүмкін болды. Қазақтың отаршылдықтан есін жинау үшін әлі де қаншама уақыт керек, күш пен қуат керек, ағартушылық, танымдық сыпаттағы зерттеулер әлі де жүргізіле бермек. Советтік таным-түсініктер әлі де жоғалмапты, оның бір парасы – 2002-2005 жылдары бүкіл Қазақстан баспасөзінде Шыңғыс хан жайлы ұзаққа созылған дауда көрінді. Барлығы өзіне тартып жатқан ұлы қағаннан тума жұрты – қазақ қана тайқып шыққан екен. Жас кезінен қазақтың орта ғасырлардағы тарихын зерттеген Мұхтар Мағауин Шыңғыс ханды қазақтың мәңгілік мақтанышы деп бағаласа, ақын Мұхтар Шаханов Шыңғыс ханды кәнігі жендет, зұлым қолбасшы ретінде байыптаған. Мұхтар Шахановқа жалғас қаншама тарихшы, академиктер осы пікірді ұстанған екен. Осы жерде келісті үстеме жасай кетейік. Белгілі мифолог, көсемсөзші Зира Наурызбаеваның жазғаны бар, Патша – өз тағдырын халық тағдырымен байланыстырған бірлік пен ынтымақтастықтың символы болуы тиіс. Ұлттық ұғымда Жаратқанның жердегі бейнесі іспетті. Егер патша рухани, жоғарғы ілімнің жолымен жүрсе, онда ол өз халқын Мәңгі Көктің ғұзырына жетелейді, ұлттық Субъект атанады. Сонда ғана халық өзінің Құдай жаратқандағы миссиясын түсінбек, мерейі мен мәртебесі өте жоғары болмақ. Шыңғыс қаған сондай адам еді. Бүкіл Еуразия кеңістігін өз күшімен қайта құрып, жарым жалғанға бауыр басқан Еке Моғұл Ұлысын, сән-салтанаты Батысқа таң болған Алтын Орданы және олардың кейінгі жаңғырығы, жауынгер Қазақ Ордасының негізін қалап кетті. Қазақтың хан сайлау салты, ақ киіздің ортасына болашақ ханды отырғызып, төрт бұрышынан ұлысқа қадірлі төрт адам ұстап Көкке көтеруі – Мәңгі Көктің тазалығы, сакральдігі және қайыры жайлы ырым еді. Шыңғыс ханның Жасағы мен Білігіне сәйкес, Алтын ұрықтан таралған қазақ хандары бес ғасыр кескілес барысында дүниенің төрт бұрышына түгел қылыш сермепті, елі мен жерін тынымсыз қорғап, халқын болашаққа жетелепті. Батыр бабаларымыздың арқасында осындай кең-байтақ жерге ие болып отырмыз. Бүкіл қазақ тарихын Шыңғыс қағансыз елестете алмаймыз. Осындай ұлы адамға тіл тигізу һәм зұлым қарақшыға балау – тарихи танымның балаңдығын көрсетеді. Және де бұндай қателік біздің  халқымыздың басынан іс-түзсіз өтпек емес. Бұлай жалғаса берсе, қазақ елін желеп-жебеп жүрген киелі, қастерлі аруақтар теріс айналуы мүмкін. Тарих ғылымымен айналысып жүрген әрбір адам Шыңғыс хан қақында орнықты, дәлелді, нақты пікір айтуы тиіс. Құр айғай, бақырғанмен іс өнбейді.

          Жер-әлемде теңдесі жоқ қазақ фольклорлық әдебиетінде Шыңғыс ханның алатын орны бөлек. Ертеден келе жатқан қазақ аңыздары ұлы қағанды «Асылы нұрдан жаралған, садағын сағымға іліндірген сайыпқыран Шыңғыс хан» деп сипаттайды. Хандық дәуірді былай қойғанда, өз қолынан өз ырқы кеткен қазақтың зар заманы дәуірінде арқалы ақындар баяғы заманды аңсап жырлайды. «…Кәпірден теңдік алуға, – Қайтып та келер деймісің, – Мұсылманның баласы, – Шыңғыстан туған хандар-ай…» – дейді сол кездегі саясатты жүрегімен сезінген, алдағы заман нәубетінен шошып, зар илеген Мұрат ақын. Қазақтың көшпенді бұла өмірімен қоштасып күңіренген Абай Шыңғыс хан есімін құрметпен атайды. «Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер, – Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер…» – дейді жала, жапада өткен XX ғасырдың ең үздік қаламгері Мағжан. Бәрін айту шарт емес. Және де қазақ арасына кеңінен тараған көп тармақты азалы күйі бар. «Ақсақ құлан – Жошы хан» деп аталады. Ұлұғ жыршы Кетбұғаның қаһарлы қағанға сүйікті тұңғышы Жошының қаралы қазасын естірту күйі. «Көкбалақты» оқыған болсаңыз: «…Қоңыр күмбірге толы, тыңдаушыны терең шыңырауға, қайғы тұңғиығына сүйреген зарлы үн…» – есіңізге түсер еді. Бұл туралы мәлімет парсы тіліндегі «Шаджарат аль-атрак» (Түріктердің шежіресі) атты кітабында: « – Теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а, ханым, – Терек түптен жығылды, кім тұрғызар, а, ханым?» – « Теңіз бастан былғанса, тұндырар ұлым Жошы-дүр, – Терек түптен жығылса, тұрғызар ұлым Жошы-дүр!» – деп жазылған. Бұл мәліметті тарихшы Тизенгаузеннің «Сборник материалов, относящихся к историй Золотой Орды» атты еңбегінен кездестірген едік. Өйткені ақылы мен парасаты әкесіне жете туған, қолбасылық дарыны аңызға айналған Жебе-ноян мен Сүбітай-баһадүрге тетелес Дәшті-Қыпшақ билеушісі болған. 1219 жылы Ырғыз өзенінің бойында 15 мың жасақпен хорезмшах Ала-ад-Диннің 60 мыңдық әскерін қирата жеңгені мәлім. Осы мағлұматтан-ақ Жошының өр тұлғасын елестетуге болады. Мазары қасиетті қазақ жерінің қолқа жүрегі Ұлытаудан бастау алатын Қара-Кеңгір өзенінің сол жағасында тұр. Дәшті-Қыпшақты мейірлене жақсы көріпті жарықтық. Жер жұмағына балапты. Әуелде Жошы ұлысы, Қыпшақ ұлысы, кейінірек Алтын Орда аталған ұлы мемлекетті негіздеп кеткен аруақты Жошы хан еді.

         Бізді алаңдатқан мәселе – қазіргі жас ұрпақтың барлығы демейік, көбісі туған халқының өнегелі, жанкешті тарихын білмейді. Өйткені оқулық кітаптарда жазылған тарих түсініксіз, құрғақ мәлімет қана. Тіпті жаңсақ ақпараттар да бар. Ал өткенін білмейтін жеткіншек қазіргіні бағалай алмайды, болашақты бағамдай алмайды. Әрбір халықтың басқа халықтан өзгешелігін айқындайтын оның тарихы мен әдебиеті десек, көкірегі ояу әрбір қазақ баласы мұны білуі тиіс. Өйткені Совет тұсында қазақ тарихы мен әдебиеті коммунистік партияның қатал да қырағы назарында болғаны белгілі. Алайда 1990 жылы сөзге шектеу жойылған, тарих пен әдебиет жайлы астарлы ақиқатты қаз-қалпында айтуға болады. Қазіргі заманның бізді қуантқан жақсы жағы осы. Туған елінің тілі мен ділін, тарихы мен әдебиетін білмей Адам болам деу – парықсыздық болса керек.

        Шыңғыс хан жайлы қаншама халық ғылыми зерттеулер мен тұжырымдамалар жасады деп бастапқыда айтқан едік. Тарих ғылымы өлшеусіз дамыған соңғы ғасырларда ұлы қаған турасында жүздеген еңбек, мыңдаған мақала жарияланған. Әркім өз таным-түсінігінің шеңберінде жазатынын ескерсек, нақты деректері бар ғылыми еңбек өте аз. Және де ол ғалымның қай жұрттан шыққаны маңызды. Әлмисақтан отырықшы болған Еуропадан шықса, көшпенділер болмысын орнықты байыптауы күмәнді нәрсе. Барлық кілтипан ескілікті жәдігерлерді, түпнұсқа мұраларды қай тұрғыдан, қалай пайдалануға байланысты. Мұсылман деректері, Қытай деректері, Батыс деректері және Далалық шежірелер сол заманның тарихын әрқилы қарастыруы мүмкін. Бірақ та қазірдің өзінде тарихтың дамуы арқасында әлемдік ғылымда Шыңғыс хан жайлы оң пікірлер көптеп жазыла бастады. 1995 жылы Бүкіләлемдік ақпарат орталығы және Американың «Вашингтон пост» басылымы Шыңғыс ханды екінші мыңжылдықтың ең басты тұлғасы деп жариялаған. Ал бірінші мыңжылдықтың ең басты тұлғасы – Мұхаммед (с.ғ.с.) екені белгілі. Бұл деректердің өзінен-ақ қаһарлы қағанның атақ-даңқы қаншалықты дәрежеде дабылдап тұрғаны белгілі. Бұл тарапта киіз туырлықты көшпенді қазақ жұртының өзгеше артықшылығы бар. Заман ағымымен отырықшылыққа бет бұрса да, қазіргі қазақта бұрынғы түрік тілдес жұрттың қаны, елесі бар. Жас кезінен бастап орта ғасырлардағы қазақ тарихын зерттеген ғұлама тарихшы, білімдар жазушы Мұхтар Мағауин аруақтың алғауымен «Шыңғыс хан және оның заманы» атты төрт томдық деректі тарихи баянын жазып бітірді. Ұлы қаған жайлы ең толымды, жан-жақты байыпталған құнды тарихи еңбек. Шыңғыс хан жайлы сөз қозғасақ, ең алдымен осы еңбекке жүгінуіміз тиіс.

           Әдебиеттің жан серігі – тарихқа ынталы болсаңыз, оң-теріс пікірлерді ажырата білуіңіз шарт, қадірменді оқырман. Замана хәлі сан қилы, біздікі – түптің түбінде түрік дүниесі үстемдікке шығады деген сәулелі үміт қана.

Көпшілік жұмыстар орталығының кітапханашысы Әділ Әуезхан

Share