Қуаныш Сүлейменов

Қуаныш Сүлейменов – «Шалабай» ЖШС бас директоры. 1973 жылдың 14 қыркүйегінде Семей облысының Шар қаласында дүниеге келген. Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін кейін, Қазақ мемлекеттік заңгерлік академиясын, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша жалғастырып, ауылшаруашылық ғылымдарының магистрі атанады. Еңбек жолын Қуаныш Серікқазыұлы қарапайым жұмысшы ретінде бастаған, кейін Жарма ауданындағы Шалабай орта мектебінің директоры қызметін атқарды. Қиын өтпелі жылдары жергілікті мектептің директоры Қуаныш Сүлейменов және ауылдық округінің әкімі Светлана Давлетова ауыл өмірін жақсарту жолында елеулі еңбек етті. Олар көпжылдар бойы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып, республикаға қазақтың ақбас сиырының тұқымын беріп келеді.

Ұзақ та қарқынды жол 

«Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының аясында 2018 жылдың 27 сәуірінде ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Шалабай» ЖШС директоры Қуаныш Сүлейменовпен кездесу өткізілді. Шараға Саратов ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері мен «Дарын» мектеп-гимназиясының, №20 орта мектебінің жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Біздің қонақтың мектептегі өмірі туралы театрландырылған көрініс оның өмірінен қызықты деректерді еске түсіруіне ықпал етті. Онда Қ.Сүлейменовтың өз тағдырын түбірімен өзгертіп мектептен мал шаруашылығына кеткендігі айтылады. Оның алғашқы ұстазы бірінші сыныпта «Кім болам?» тақырыбында жазған шығармасын қолына береді. «Совхоз директоры болғым келеді» деп жазған екен Қуаныш. Бала күнгі арманы орындалып, кешегі мұғалім бүгінгі күні бүкіл елімізге танымал «Шалабай» ЖШС-нің бас директоры болды.

Біздің кейіпкеріміз қатысушыларды өзінің жан-жақтылығымен, өмірлік ұстанымымен, сауаттылығымен, тыңдармандарды баурап алатын шешендігімен ерекшеленді. Бұл айтылғандармен қоса ол – ақын әрі әнші. Қ. Сүлейменов өз жұмысындағы табыстары туралы ғана айтып қоймай, өзі шығарған өлеңдерін оқыды, туған жер туралы әнін гитарада орындады.

Ол бүгінгі күні көп адамдарда кездесе бермейтін қарапайымдылығымен дараланды. Балалармен бірге «Төрт түліктің төл атаулары» атты ойын-сайысқа белсене қатысты.

«Мені қанаттандырған кітаптар» атты кітап көрмесінде біздің кейіпкеріміздің өмірінің түрлі кезеңдерінде басты рөл атқарған кітаптар қойылды. Қуаныш Серікқазыұлы әр кітапты қалай таңдап, оқығаны туралы әңгімеледі және осы кітаптарды балаларға оқуға ұсынды.

Шара соңында қатысушылар Қуаныш Сүлейменовке алғыс сезімдерін білдірді. Біздің өлкеміздің осындай тамаша адамдарымен кездесулер патриотизмге тәрбиелейді және болашаққа деген сенімдерін нығайтады деген қорытынды жасады.

Share