Қазақтың заңғар жазушысы Мұрат Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолын кеңінен насихаттау үшін заманауи көзқарасқа сай жан-жақты зерттелген шығармаларға қажеттілік туындайды. Қазақ және түрік әдебиеттанушыларының бірігіп жүргізетін зерттеу жұмыстары бұл кемшіліктерді азайтып қана қоймай, Мұхтар Әуезов және оның әдеби шығармашылығының сапалы түрде аударылып, жариялануына септігі тиер еді. Осы тұрғыдан алғанда Мұрат Әуезовтің түрлі философиялық ой-пікірлері мен тұжырымдамалары бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Асылдың сынығы ретінде ол кісінің әрбір сөзі мен ісі жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Осыған орай кітапхана қызметкерлері С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың филология факультеті ІІ-курс студенттеріне Мұрат Әуезовтің өмір жолы мен шығармашылығына арнап «Мұрат Әуезов. Өнегелі өмір» атты тұлға бенефисін өткізді. Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – 1943 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген. Мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарлан сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, ҚР Журналистика академиясының академигі, жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің баласы. Шара барысында қоғам қайраткерінің кейбір мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары мен кітаптары турасында мол мағлұмат берілді. Мұрат Әуезовтің Мәскеуде оқып жүргенде құрған «Жас тұлпар» ұйымы жайлы сөз қозғалды. Аталған тақырып бойынша студенттер кітапхана қызметкерлерімен бірге «Портреттік сәйкестік», «Тұлғалар шеруі», «Тапқырлық таныт» ойындарын ойнады. Шара соңы Мұрат Әуезовтің жастарға айтқан ақылымен тәмамдалды: «Ұлтжандылық деген бұл – Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұрландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры – осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман – қатал».