Құсанбаев Серік Сәдуақасұлының кітаптарының таныстырылымы

Құсанбаев Серік Сәдуақасұлының кітаптарының таныстырылымы

Кітапханамызда Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын, журналист Құсанбаев Серік Сәдуақасұлының жуырда ғана жарық көрген екі томдық «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» кітаптарының таныстырылымы болып өтті.
Бұл кітаптарға қаламгердің әр жылдары түрлі тақырыптарға қалам тербеген ой-толғамдары, ел азаматтарымен жүргізген сұхбаттары, қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған мақалалары мен естеліктері енген.
Кешке С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері, БАҚ өкілдері мен қаламгердің достары шақырылды.
Шара барысында автордың прозалық шығармасынан үзінді оқылып, ұлы Айбынмен «Әкемді қаншалықты танимын» атты ойын ойналды, ақынның тұңғыш жыр жинағы «Байғыз» кітабынан өлеңдер оқылды. Сондай-ақ, Тарбағатайдың талантты түлегі, белгілі айтыскер ақын, көрнекті өнерпаз Абаш Кәкенов пен Серік Құсанбаевтың екі қайырым айтысы да шара қатысушыларының көңілінен шықты. Автор ең үздік сұрақ қойған оқырмандарға қолтаңбасымен кітабын табыстады.
Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, жазушы Әлібек Қалиұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мерей Қайнарұлы, «Айқын» газетінің тілшісі Азамат Қасымдар «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» кітаптары туралы пікірлерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Оқырмандарға мұндай шараларды жиі өткізіп, өлкеміздегі қаламгерлердің өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі ету жастардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырары сөзсіз.
Share