Бүгін кітапхана оқырмандары елімізге белгілі коллекционер-этнограф, Қазақстандағы жалғыз түркі халықтарының алтын және күміс антиквар бұйымдары сақталған жеке мұражайдың иесі, қазақтың ұлттық кәдесыйлықтар шығаратын «Әдемі-Ай Ріus» компаниясының президенті, Астана қаласы мәслихатының депутаты Бахаргүл Төлегенқызымен кездесті. Бахаргүл ханым: «Мақсатым – ұмыт қалған дәстүрді ұрпаққа жеткізу» дей келе негізгі жұмысты – ұлтымыздың этнографиясын білуге, тұрмыс-салт бұйымдарының ритуалдық мазмұнын зерттеуге, сонымен қатар символдық мәні басым тарихи һәм архитектуралық бейне-образдарды таңдай алудан бастағандығын айтты. Қатысушыларға әрбір ұлттық әшекейдің, бас киім, сырт киімінің өзінше ырым тиымы бар екенін айтты. Мысалы қызға арналған құс тұмсық жүзікті, құдағи жүзікті, өңір жиекті не үшін тақты, қандай мақсатпен таққанын, не айқындалғанын және қыз сырғасындағы ою мен өрнегі нені білдіреді деген сияқты мысалдарды айтып берді. Сондай-ақ өзінің «Қазақ қызымын» атты кітабын кітапханамызға тарту етті. Шара соңында қонақтар өнер колледжінің студенті Талаптанова Талшынның орындауында «Сандуғаш» әнін тамашалады. Кездесу жастарымыздың ұлттық құндылыққа, салт дәстүрімізге, тарихымызға, білімге деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.