1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай кітапханамызда Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуге, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға үлес қосып келе жатқан қазыналы қарттарымызға арнап «Өмір күзі жылы болғай» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Кітапхана басшысы Гүлмария Балташқызы кітапханамыздың ардагер қызметкерлері мен тұрақты оқырмандарына деген өз ізгі тілегін жеткізді. Шара барысында «Бәйтерек» студиясының жетекшісі, әнші Алматы Кәшейқызы «Сұлу қыз» әнін орындап, кеш қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйласа, Күнбол Бәделұлы мен Рамазанов Берік домбырамен әуелете ән айтып, кеш көркін одан сайын қыздыра түсті. Кеш қонақтары жанды дауыста ән шырқап, би билеп, арнайы дайындаған әртүрлі ойындарға белсене қатысып, жеңімпаздар тәтті сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, мерекелік шараға қатысушылар кеш соңында кітапхана ұжымына деген өз алғыстарын білдіріп, бүгінгі басқосудан алған әсерлерімен бөлісті.