«Қаһармандар арамызда» подкастының алғашқы іс-шарасы

Қазақстандағы полиция қызметі жоғары кәсібилікті, батылдық пен рух күшін талап етеді, сондықтан құқық қорғау органдарының қызметкерлерін заманауи батырлар деп атауға әбден болады. Дәл осы жандарға 14 қаңтар күні өткен «Қаһармандар арамызда» подкастының алғашқы іс-шарасы арналды. Кездесуге «Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының» 8-сынып оқушылары қатысты.

Спикерлер ретінде Үлбі полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полицияның аға лейтенанты Халитов Рашид Рафикович және Үлбі полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөліміне қарасты кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, полиция лейтенанты Аида Смағұлова сөз сөйледі. Диалог барысында қонақтар мамандық таңдауы мен қызметтің ерекшеліктері туралы айтып берді. Ал оқушылар «Менің сұрағым бар…» атты ашық форматта аноним түрде сұрақтар қойып, жан-жақты жауаптар алды.

Өмірлік жағдайларды талқылай отырып, қатысушылар өз жауапкершілігі мен дұрыс шешім қабылдай білу жайында әңгімелесті. Кездесу сенімді әрі серпінді атмосферада өтті. Полиция қызметіне қызығушылық танытқан оқушылар құнды кеңестер алып, іс-шара соңында «Елің үшін не істер едің?» деген сұраққа жауап берді.