Қазіргі жасөспірімдерді оқуға қалай қызықтыруға болады, оларды шығармалар жинағын қызыға парақтап, кітапхана сөрелерінен жаңа кітаптарды іздеуге қалай ынталандырамыз? Кейде нағыз тартымды интеллектуалдық сайыс ұйымдастыру жеткілікті-ақ!
Осындай ерекше оқиға — «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби квест болды. Оның қатысушылары Қ. Нұрғалиев атындағы № 43 мектеп-лицейінің 7- сынып оқушылары. Квест қазақтың балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, биыл 130 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан белгілі жазушы әрі ақын Сапарғали Бегалиннің шығармашылығына арналды.
Оқушылар үш командаға бөлініп, бірнеше тақырыптық бекеттерден өтті. «Хронологиялық кесте» бекетінде оқушылар Сапарғали Бегалиннің өмірі мен шығармашылығына байланысты жылдар мен оқиғаларды сәйкестендірді. «Әдеби таным» бөлімінде қатысушылар мәтін үзінділері арқылы шығармалардың атауларын анықтады. Ал «Жасырын жолдар» бекетінде олар өлеңдерден түсіп қалған жолдарды тауып, зейінділік пен шығармашылық тапқырлықтарын көрсетті.
Әр тапсырма командалардан жылдам ойлануды, білімділікті және ұйымшылдықты талап етті. Квест қорытындысы бойынша ұпайлар есептеліп, жеңімпаз команда лайықты марапатқа ие болды. Шара оқушыларға жарқын әсер, жаңа білім және тамаша көңіл-күй сыйлады.













