Мұқағали Мақатаев! Осы бір ұлы ақынның есімін білмейтін бұл күнде қазақ баласы жоқ шығар. Шын мәнінде екі ғасырды қоса алғанда да оқырманы ең көп қаламгерлердің көш басында осы Мұқаң тұрса керек.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталардан тура он жыл бұрын қасиетті Қарасаз топырағында дүниеге келген ақынның 90 жылдық мерейтойы өткен жылы ғана республика көлемінде ауқымды деңгейде аталып өтілді. Бірақ, Мұқағали – әр бесжылдық не онжылдықтарда, мерейтой жылдарында ғана аты аталып, ізі зерделенетін ақындардың қатарынан емес. Ол әр жыл сайын, әр ай сайын, тіпті әр күн сайын өз оқырмандарының назарында, жадында. Оған дәлел – кітапханаға ең алғаш келген қазақ оқырманының жасы болсын, жасамысы болсын кітап сөресінен ең бірінші осы Мұқаңның өлеңдер жинағын іздейді. Бұрын оқыған кітабы болса да бетін қайта бір ашып, ақиық ақынның сәулелі жырларын күбірлеп оқысып тұрады.
Ақын Мұқағали Мақатаев өз күнделігінде айтатындай расымен де тек ХХ ғасырдың ғана ақыны емес. Оның өміршең жырлары осы ғасырда да өз оқырмандарының жүрегін жылытып, жанын ізгілендірді. Келер ғасырда да ақын жырлары құмнан шыққан алтынның кесегіндей жаңа қырынан жарқырап, өз оқырмандарына рухани иммунитет болары даусыз.
Мұзбалақ ақын жырының өміршеңдігі – адам жанына жақындығында, терең лирикалық иірімдерінде. Ол не жазса да өз оқырманын терең зерттей отырып, адам жанының сан-салалы қатпарларына үңіле отырып жазды. Ақынның өзі айтатындай шынымен де бұл өмірде «қиын не бар адам жанын зерттеуден»? Сүйте тұра ол осы қиындықтан тайсалмай адам жанына үңіле зерттеді. Және онысы нәтижелі шыққанын бүгін уақыт дәлелдеп беріп отырған сияқты.
Мұқағали Мақатаев – аса бір насихатты, шығармашылығын науқаншылдықпен шолып өтуді қажет ететін автор емес. Оның көптеген өлеңдері ел арасына кеңінен тарады және оны көптеген атақты сазгерлер әнге айналдырып, әншілер орындап, ел аузында жатталып қалды. Олардың қатарында біз Шәмші Қалдаяқов жазған, Нұрғиса Тілендиев жазған, Тұрсынжан Шапай жазған әндерді атауымызға болады. Ән жазу дегеннен шығады, Мұқаңдардың заманында алдымен өлең туатын еді. Сол өлеңді оқи отырып сазгерлер қауымы шабыттанып, ән шығаратын. Қазіргі кездегідей бір композитор өз әуеніне мәтін жазып берші деп Мұқаңның алдына барыпты дегенді естімеген екенбіз.
9 ақпан – ұлы ақынның туған күні. Өз заманында Абай, Мағжан, Махамбетті өзіне рухани ұстаз тұтып, Қасым Аманжолов жырынан қуат алып, Төлеген Айбергенов пен Әбділда Тәжібаевтың ағалық алқауын көрген ақын өз өлеңі арқылы әлем халықтарының өзге де ұлы ақындарымен тілдесті. Қазақ поэзиясын жаңа бір биікке көтеру арқылы өзі де зау биікке өрлеген ақынның бүгін тоқсан бірінші туған күні. Қазақ деген халықтың жүрек төрінен ойып тұрып орын алған ақынның жырлары ары қарай да жасай берсін! Ақынның аты асқақ, елдің іргесі берік болсын!
Дәулетберді Жекей