Кітаппен әлемді ашамын

 «Кітаппен әлемді ашамын» атты әдеби керуен №49 орта мектебінің 8-сынып оқушыларымен өтті. Әдеби керуен  қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, орасан күш иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналды.

Әдеби саяхат ұлы спортшыға арналған С. Мәуленовтің өлеңімен басталды. Алғашқы аялдамада оқушылар балуанның өмірі мен спорттық тағдырымен танысты. Материалды көрнекі әрі тиімді меңгеру үшін «Кластер» және «Джигсо» әдістері қолданылды. Келесі кезеңде әр топ спортшының «Балалық шағы», «Спортқа апарар жол», «Поэзиядағы балуан бейнесі» станцияларына саяхат жасады. Бұл бағыттарда оқушыларға Қ. Әбдіқадыровтың, Ә. Бүркітбаевтің және С. Сейфуллиннің «Қажымұқан» атты шығармалары  берілді. Соңғы аялдамада қатысушылар «Wordwall» платформасында бас қосып, атақты балуан туралы алған білімдерін бекітті. Іс-шара соңында оқушылар «Қажымұқан – халық мақтанышы» тақырыбында шағын эссе жазды.