Кітапханада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Nur Sana» мектебінің негізін қалаушы және жетекшісі, «Қызыма хат» кітабының авторы Нұрия Сейітбекқызы Темирхановамен кездесу өтті. Шараға жоғарғы сынып оқушылары, Өскемен қаласы КЭФ 1-курс студенттері, «Nur Sana» мектебінің оқытушылары және Іскер әйелдер қауымдастығының, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» РҚ бірлестігінің мүшелері қатысты. Кездесу отбасылық құндылықтарды қалыптастыруда, мақсаттарға жету жолында қажетті өзін-өзі бағалауды және тұлға ретінде өсуді дамытуға тамаша мүмкіндік болды.
Н.Темірханованың «Қызыма хат» кітабының таныстырылымы көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Іс-шара барысында автор өзінің жаңа кітабында көрініс тапқан білімі мен тәжірибесімен бөлісті, ол жастарға, әсіресе қыздарға үйлесімді қарым-қатынас орнату және сүйіспеншілікке, өзара түсіністік пен құрметке негізделген берік отбасы құру туралы құнды кеңестер ұсынды.
«Бақыт отбасынан басталады», – дейді автор. Әр отбасы өздерінің салт-дәстүрімен, ережелерімен, қиындығымен және қуанышымен ерекше. Отбасын құрудың нағыз өнері жетілуді, даналықты және үлгі алуды талап етеді. «Қызыма хат» кітабы болашақта мықты отбасын құрғысы келетін жастарға арналған үстел кітабы болмақ.