ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!
«Бір ел – бір кітап — 2024» республикалық акциясы бойынша қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев шығармалары жаппай оқуға ұсынылды. Сонымен қатар биыл Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.
Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізілуде.
Көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазан күні Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қостөбе ауылында дүниеге келген.
Б. Соқпақбаев ең алдымен балалар жазушысы. Балалық пен жастық оның барлық кітаптарының негізі. Соқпақбаевтың шығармалары негізінен автобиографиялық болып табылады.
Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастап «Лениншіл жас», «Қазақ пионері», «Пионер» журналдарында басылып тұрды. «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында қызмет атқарды. 1952-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызмет атқарды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында редактор болып жұмыс істеді.
Қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильмінің сценарийін жазды. 1963 жылы экранға шыққан бұл туынды қазақ кино өнерінің бойтұмарына айналды. 1967 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Фильмнің шыққанына жарты ғасырдан асса да, көрерменін әлі жалықтырған жоқ. Елордада 2022 жылы Балалар жылы аясында қазақ халқының үздік дәстүрлеріндегі бала тәрбиесін бейнелейтін «Менің атым Қожа» туындысының негізінде түсірілген көркем фильмнің кейіпкеріне арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті.
«Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» повестері балаларға арналса, «Бозтөбеде бір қыз бар» жасөспірімдерге, «Өлгендер қайтып келмейді» романы ересектерге арналып жазылған.
Жазушының туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тіліне аударылып, сахнада, экранда көрсетілді. Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларының шет тілдерге аударылуына елеулі үлес қосып жүргендердің бірі – қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева. Әкесінің талай шығармасын орыс тіліне аударды.
Бердібек Соқпақбаевтың барлық туындыларында, оның шығармашылығының қайнар көзі халық өмірінен бастау алғаны сезіледі. Жазушының бейнелеу қабілеті өте бай. Ол өз кейіпкерлерінің портретін шебер суреттеп, әрқайсысын өзіне тән тілде сөйлете білген. Кейіпкердің ішкі күйзелісі мен ой-пікірлері жазушының басты көркемдік әдісі болып табылады.
Жазушының шығармалары:
- «Бұлақ» (1950) өлеңдер жинағы
- «Он алты жасар чемпион» (1951)
- «Бақыт жолы» (1952)
- «Алыстағы ауылда» повесті (1953)
- «Менің атым Қожа» (Меня зовут Кожа) повесті (1957)
- «Бозтөбеде бір қыз бар» (1958)
- «Әпенденің айласы» (1960)
- «Балалық шаққа саяхат» (Путешествие в детство) повесті (1960).
- «Дала жұлдызы» (1960)
- «Аяжан» повесті (1963, орыс тілінде 1965)
- Қайдасың, Гауһар? (Где же ты, Гаухар?) (1966) повестерін жазды.
Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, ШҚ облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қорынан алып оқуларыңызға болады.
Бір ел – бір кітап 2023
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие.
Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізілуде.
Республикалық деңгейдегі дәстүрлі акция биыл оқырмандар арасында он жетінші мәрте ұйымдастырылуда.
Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.
2023 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу бекітілді.
Танымал жазушы, белсенді қоғам қайраткері Төлен Әбдікұлы қалың оқырмандарға да әдеби ортағада кеңінен танымал. Оның талантының ерекше екендігіне оның тереңнен толғап, жүректен қозғап жазған шырайлы шығармалары дәлел. Жазушының алғашқы жарияланған әңгімелерінен, соңғы жазған романдарына дейін, жұртшылықтың жүрегінен жол тауып, оқырмандардың сүйіп оқитын шығармаларына айналды. Қаламгер Төлен жазған пьесалар бойынша спектакльдер қойылды, сценарийлары бойынша кинолар түсірілді. Бұл туындылардың бәрі де көпшілік көңілдерінен шығып, ел құрметіне бөленді.
Жазушы Төлен Әбдікұлы 1942 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданы, Айса Нұрманов шаруашылығына қарасты Көлқамыс ауылында дүниеге келген.
1960 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетті аяқтаған соң, «Қазақстан пионері», «Жалын» альманахының редакцияларында қызмет жасады.
1977 жылы «Қазақфильм» киностудиясының редакция коллегиясының бас редакторы болып тағайындалды.
1979-1989 жылдары Қазақстан КП Орталық комитетінің мәдениет бөлімі нұсқаушысы, сектор меңгерушісі болды.
1989-1991 жылдары «Қазақ
әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып тағайындалды.
1994 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың басқаруымен ҚР Президентінің мәдениет саласындағы көмекшісі болып тағайындалды.
1997 жылдан күні бүгінге дейін Төлен Әбдікұлы Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет етеді. 1973 жылдан бері Жазушылар одағының мүшесі. Оқырманын ойға жетелейтін, дүние сырына тереңірек үңілдіретін, шығармаларын қазақ баласы сүйініп оқитын жазушының қаламынан «Көкжиек» (1969), «Күзгі жапырақтар» (1971), «Ақиқат» (1974), «Айтылмаған ақиқат» (1980), «Оң қол» (2002) атты әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өлара» (1985), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987) романдары таңдамалы шығармаларының екі томдығы (1992) жарық көрді.
«Біз үшеу едік» атты қойылымы республика театрларында үздіксіз жүріп жатыр. Кинодраматургия саласында да атсалысып, «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесті бойынша «Өтелмеген парыз», «Белгісіз ұлдың тағдыры» атты көркем фильмдердің сценарийлерін дайындады. Шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылып орыс тілінде «Истина» атты кітабы екі рет басылып шықты. Т. Әбдіков грек аңыздары «Эллада ерлерін» (1977) қазақ тіліне аударған. Бірнеше шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2002). Халықаралық Ф. Кафка атындағы Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлығының лауреаты (2003). Еуропалық алтын медальдің (2003), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (2004).
Қаламгер кино өнері мен театр өнеріне де өзіндік үлес қосқан, онда да айтарлықтай табысқа жетті.
Төлен Әбдікұлы – іскер, ізденісі мол қоғам қайраткері. Еліміздің егемендігін бекітіп, тілін, дінін, мәдениетін өркендетуге үлкен қоғамдық үлес қосып қоғамдық қызметтер атқарып келеді.
Төлен Әбдіковұлының шығармашылығымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, ШҚ облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қорындағы әдебиеттерді алып оқуларыңызға болады.
Бір ел – бір кітап 2022
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие.
Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізілуде.
Республикалық деңгейдегі дәстүрлі акция биыл оқырмандар арасында он алтыншы мәрте ұйымдастырылуда.
Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.
2022 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдері мен қанатты сөздерінің жинағы оқуғы ұсынылды.
Елімізде Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын келесі бағыттар бойынша зерттейтін болады:
– «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы»;
– «Ахмет Байтұрсынұлының әдеби шығармалары»;
– «Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздері»;
– «Қазіргі ғылымдағы Байтұрсыновтану».
Биыл, яғни 2022 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) – қазақ ақыны, мемлекет қайраткері, әдебиет зерттеуші ғалым, ұстаз, аудармашы, ағартушы, публицист, ұлттық жазудың реформаторы, қазақ лингвистикасы мен әдебиеттанудың негізін қалаушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.
Ахмет Байтұрсынов шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады.
Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері кітапхана оқырмандары арасында кеңінен насихатталады. Ақын мұрасы әлемдік мәдениеттің бір бөлігіне жатады және ол бүкіл адамзатқа қол жетімді болуға міндетті.
Ахмет Байтұрсыновтың мұрасымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, ШҚ облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қорындағы әдебиеттерді алып оқуларыңызға болады.