Құдірет бар домбыра ішегінде

Құдірет бар домбыра ішегінде

4 шілде-Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Құдірет бар домбыра ішегінде»  шарасы кітапхана ауласында, ашық аспан астында өтті. Жыл сайын атап өтілетін бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі зор.Шараның құрметті қонақтарының бірі «Әлем сазы» вокалдық-аспаптық тобының музыкалық жетекшісі Мирас Төреханұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, домбыраның құдіреті  жайлы айта келе, Құрманғазының «Адай» күйін күмбірлете орындады.

ШҚО Білім басқармасының Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚ өнер училищесінің өнерпазы, қара домбыраны жанына серік еткен талантты әнші  Талаптанова Талшын  Біржан сал Қожағұлұлының  «Жонып алды» әнін шырқаса, Республикалық, Халықаралық ән байқауларының бас жүлгері Сайранбек Малика «Домбырасыз ән қайда?» әнін әуелете орындады. Өнер сүйер қауымға өзінің ән шашуымен келген кітапханамыздың тұрақты да өнерлі оқырманы Мырзабек Айбек «Мен қазақпын» әнін шырқаса, Мошанов Әсет «Балбырауын» күйін тамылжыта орындады.

Мерекемен арнайы құттықтап келген «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының белсенді мүшесі Айдана Жанболатқызы қонақтарды мерекемен құттықтай отырып, кітапхана ұжымына өз алғысын білдірді. Ән мен күй төгілген шарада оқырмандар назарына қазақтың домбыра өнерінен сыр шертетін шашыраңқы кітап көрмесі ұсынылды.

Шара соңында шаңырағымызға келіп, мерекемен құттықтап, өз өнерлерін паш еткен өнерпаздар кітапхана әкімшілігі атынан алғыс хаттармен марапатталды. Домбыра-Қазақ халқының ұлттық кодының ажырамас бөлігі, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін! Мереке құтты болсын!

Share

Пікір үстеу