Кітапхана ұжымы шілде айының алғашқы жексенбісіне белгіленген Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай ашық аспан астында, қаламыздағы ең бір көрнекті саябақтардың бірі – жыр алыбы Жамбыл атындағы саябақта «Қоңыр сазы жүректе» атты домбыра-party ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты – ұлтымыздың үні болған киелі аспабымызды әспеттеу, оның қоңыр үні арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, Ұлттық домбыра күнінің бұқаралық сипатта аталып өтуіне өз тарапымыздан атсалысу. Аталмыш шараға облысымыздағы республикаға танымал күйшілер мен домбырашылар атап айтатын болсақ, Арна Батиханов, Ерназ Дүрихан, Қалымбек Аян, Нұрлыбеков Ерназ, Абдықайыр Олжас, Дастан Тоқтаровтар өнер жарыстырып, күй тартыс көрсетсе, Елдос, Ердос Бұланбековтар ұлттық аспабымыздың сүйемелдеуімен әсем әндер шырқап көпшіліктің ықыласына бөленді.
Тағы бір баса айта кетерлігі – осы шарада елімізге белгілі ұлттық музыка аспаптарын жасаудың хас шебері Бақыт Кеңшілікұлы да шара қонақтары мен көрермендерге домбыра аспабын жасаудың қыр-сыры туралы айтып, өзінің жылы лебізін білдіріп, көрермендер мен қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, оқырмандар мен күйшілер домбыра тарихынан сыр шертетін кітаптар көрмесін тамашалай отырып, ұлттық аспабымзызға қатысты түрлі аңыздар мен қызықты викториналық сұрақтарға да қызыға жауап берді.
Әсем ән мен күмбірлеген күй ғана тыңдап қоймай кішкентай бүлдіршіндеріміз кітапханашылар ұйымдастырған шеберлік сағаттарына да қатысып, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сияқты ойындар ойнап уақыттарын тиімді өткізді. (қаралым: 267) (қатысқан адам: 60)
https://www.facebook.com/739058856227188/posts/2300162473450144/?d=n