Кітап керуені

Кітап керуені

ҚР Ұлттық кітапханасының бастамасымен (Алматы қ.) Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай 21 сәуірде Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жыл сайынғы дәстүрлі «КІТАП шоу-2023» фестивалі ұйымдастырылды. Биылғы жылғы кітап фестивалі Халықаралық Түркі өркениетінің дамуының 30 жылдығына арналды.

Басты мақсаты – тамыры терең түркі өркениетін жаңғырту, түбі бір түркі халықтарының өткен тарихын, тілін, әдебиеті мен мәдениетін насихаттау.

Айтулы фестиваль «Кітап керуені» атты театрландырылған көрініспен басталды. Керуенмен бірге саяхаттаған шара қатысушылары қазақ ауылының тыныс-тіршілігімен танысып,Ұмай, Домалақ аналардың өнегеге толы әңгімесін тыңдады. Әл-Фараби ғұламаның ойшыл пікірлерінен пайдалы деректер түйген кішкентай бүлдіршіндер керуен қоржынындағы ел тарихынан ақпараттар беретін құнды кітаптармен де таныс болды. Тазша бала және Алдар көсемен бірге «Сиқырлы таяқ» ұлттық ойындарына аса белсенділікпен қатысып, тапқырлықтарын танытты. Әрмен қарай оқырмандармен бірлескен керуеніміз бауырлас Қырғыз еліне аялдап, қырғыз халқының танымал тұлғаларымен танысып, әдебиеті мен салт-дәстүрі жайлы мол мағұлматқа қанықты. Музыкалық аспабы – комуздың үнін естіп, халық эпосы «Манастың» кейіпкерлері туралы ақпараттар алды. Шараға қатысушы кітапхана оқырмандары қырғыз жазушылары туралы өздері білетін ақпараттармен бөлісіп, Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасы жайлы да айтып өтті.Әл-Фарабимен бірге бауырлас Өзбек ағайындарға аялдаған бүлдіршіндер өзбек ұлтының сиқырлы музыксына елітіп, баурап алар биін де қосыла бірге биледі. Сондай-ақ шараға қатысушылар Хан-атлас жайлы аңызды тыңдап, ұлттық тағамы палаудың дайындалу жолы жайлы ақпараттарға да қанықты. Ғажайып саяхат кезегі бауырлас Түрік елімен жалғасын тапты. Керемет салты бар, ерекше ұлттың дәстүрі мен мәдениетіне қанық болған керуеніміз Түрік елінде жетінші ғасырда пайда болған Эбру сурет салу әдісіне тәнті болды. Бүлдіршіндердің бұл әдіспен сурет салуы өнерге деген қызығушылықтарын арттыруға ықпал етті. Кітап керуені Әзірбайжан елінде жалғасып, ұлттық тағамдары, ұлттық мәдениеті тарихи тұлғалары туралы айтылып, Сулейман Сани Ахундовтың «Чернушка» шығармасына ерекше тоқталды. Әзірбайжан ұлтының «Күн мен түн», «Әтеш» ойындарын балалар қызыға ойнады. Осылайша кітап керуені бауырлас ұлттардың достығын насихаттай отырып, түркі бір түркі елдерінің тарихына шолу жасады. Бүлдіршіндерге қуанышты көңіл сыйлаған кітап керуені шаттыққа толы көңілді әнмен жалғасып, жүздері бал-бұл жайнаған балалармен қимай қоштасты.

 

Share